Жол-көлік оқиғасы кеше, 22 желтоқсанда болған
Атырауда екі көлік соқтығысып, жол апатынан бір адам мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жол-көлік оқиғасы кеше, 22 желтоқсанда болған.
«Атырау қаласындағы З.Қабдолов көшесінің бойында Chevrolet Cobalt пен Lexus көліктері соқтығысып қалды. Жол-көлік оқиғасы Chevrolet Cobalt көлігін жүргізген жүргізушінің кінәсінен болған. Ол жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Соның салдарынан Сhevrolet Cobalt көлігінде отырған 50 жастағы жолаушы оқиға орнында қаза тапты», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір аталған жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, биылғы жыл басынан бері облыс аумағында 326 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Жол апатынан 391 адам жарақат алған, 89 жолаушы көз жұмған.