Қазіргі кезде көліктің барлық түрі "Петропавл қаласының айналма жолы" учаскесі арқылы жүріп жатыр
Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Челябі – Новосібір тас жолы су астында қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биіктігі 120 сантиметр болатын қызыл су тас жолдың 528-ші шақырымында ұзындығы 230 метрлік учаскені басып қалған.
Сондай-ақ, аталған тас жолдың 529-шы шақырымындағы 420 метр жол учаскесін биіктігі 60 сантиметрлік су жапқан.
Қазіргі кезде 20-шағын аудандағы Мамлют айналма учаскесінің 525-529 шақырымында барлық көлік түрінің қозғалысына шектеу енгізілді.
Ал көліктер "Петропавл қаласының айналма жолы" учаскесі арқылы жүріп жатыр.
Айта кетейік, жабылған жолдарға байланысты арнайы ескерту белгілері орнатылып, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған.