Алматы полициясы мопед жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол апаты туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ПД сілтеме жасап.
Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, Алматыда жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 333 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 14 адам қаза тауып, тағы 355 адам жарақат алған.
– Мопедтерді пайдаланумен байланысты негізгі қауіптердің бірі – олардың жылдамдығы мен қуатының жоғарылығы. Мопедтің цилиндрінің көлемі 50 текше сантиметрден асатын болса және максималды жобалық жылдамдығы сағатына 50 километрден асса, ол жолда айтарлықтай қауіп төндіреді. Бұл мопедтер жол қозғалысына қатысушылардың жарақат алуына, тіпті адам өліміне әкелетін ауыр жол-көлік оқиғаларын тудыруы мүмкін. Қазіргі уақытта жастар арасында баламалы көлік түрлері танымал болды. Алматы жолдарында олардың 50 мыңнан астамы жүр, сәйкесінше, бұл фактор жалпы жол-көлік оқиғаларының деңгейіне кері әсерін тигізуде, – дейді Алматы қалалық ПД ІСКБ арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Дәурен Мырзаханов.
Мырзахановтың айтуынша, жолдағы қайғылы оқиғалар тоқтар емес. Өткен аптада Алматыда адам өліміне әкелген апат болды.
– Мопедтердің жұмысына байланысты мәселе бір күнде шешілмейді. Қаламыздың жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мопед иелері мен жалпы жұртшылықтың біртұтас күші қажет. Бұл жолдағы алғашқы қадам – әрбір жол қозғалысына қатысушының өз жауапкершілігін сезінуі. Мен азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамын, – деді Дәурен Мырзаханов.