68 заң бұзушыға әкімшілік хаттама толтырылды
Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай режимі күшейтілген соңғы екі тәулікте 164 адам ұсталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһар көшелерінде жүрген азаматтар полиция бөлімшесіне жеткізілді. 68 заң бұзушыға әкімшілік хаттама толтырылды. Қалғандарымен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Айта кетейік, 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтанда да тұрғындардың үйлерінен шығуына тыйым салынған.
Тек дәрі-дәрмек пен азық түлікті сатып алу, медициналық көмекке жүгіну, жұмысқа шығу үшін ғана рұқсат. Кәмілетке толмағандарға үлкендерсіз жүруге тыйым салынады. Қала көшелерін тәртіп сақшылары патрульдейді. Ал 30 наурыздан, яғни бүгіннен бастап елімізде төтенше жағдай режимі күшейтілді.
Қоғамдық көлік қатынауы тоқтатылды. Ақ халаттылар мен полицейлер, сондай-ақ, қаланы жылу және жарықпен қамтамасыз ететін мамандардан басқа ешкім жұмысқа шықпауда. Елорда әкімдігімен коронавиуспен күресіп жатқан дәрігерлер үшін қонақжай, көлік және тамақ ұйымдастырылған.
Емханаларда жұмыс істеп жатқан дәрігерлер үшін де көлік берілді. Адам көп шоғырланатын орындар жабылып, адамдардың үш және одан да көп болып жиналуына шектеу қойылып отыр.