Миллион теңге талап еткен бопсалаушылар ұсталды

28.02.2020 17:46

Бұл дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық Кодекстің 194-бабы “Бопсалау” бойынша тіркелді

kursiv.kz

Түркістан облысының полицейлері миллион теңге талап еткен бопсалаушыларды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.  

Түркістан облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасына Түркістан қаласының тұрғыны қорқытып алу жайты туралы арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, бопсалаушы оның үш қызметкерінен жұмыстарындағы заңсыз деректерді БАҚ-қа таратамын деп, миллион теңге талап еткен.

Бұл дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық Кодекстің 194-бабы “Бопсалау” бойынша тіркелді. Арнайы операция барысында, Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жылдам қимылдайтын арнайы жасақпен бірлесе отырып, үш күдіктіні 400 000 теңге беру кезінде қолға түсірді.

Олар жергілікті тұрғындар болып шықты, күдіктілерден айғақты заттар тәркіленді.   Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша “Бопсалау” бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары  жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.

Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауда. Өз кезегінде Түркістан қаласының тұрғыны Түркістан облысы ПД-нің полиция қызметкерлеріне бопсалаушыларды ұстау кезінде жеделдігі мен кәсібилігі үшін үлкен алғысын білдірді.

“Мен қорқытып алушылық бойынша полицияға жүгіндім. Апта ішінде Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері қылмыскерлерді ұстады. Тәртіп сақшыларына рахмет!”- деп жәбірленуші полицейлерге алғысын білдірді.