Қылмыскерлер өз құрбандарын түнгі клубтардың маңынан торуылдап, оларды белгісіз затпен ұйықтатқан, сосын елсіз далаға алып кетіп, тонап отырған
Алматы полициясы жолаушыларын ұйықтатып, тонап кетіп отырған бір топ такси жүргізушілерін ұстады, деп хабарлайды қалалық ПД баспасөз қызметі.
1985, 1982 және 1997 жылдары туған үш азамат такси жүргізушісі болып, түнгі клубтардың маңын «күзеткен». Ол жерден мас боп шыққандарды қажет жерге жеткізіп салуды ұсынған.
«Жол бойы клиентпен әңгімелесіп бара жатып, оған өз темекілерін ұсынады, әлгіні шеккен жолаушы бірден есін жоғалтады екен. Осы орайда қаскөйлер өз әрекеттеріне кіріскен. Олар көлікті ел көзінен таза жерге бұрып, жолаушы есін есін жиғанша бағалы заттарын сыпырып үлгерген. Іс біткен соң клиентті сол жерде қалдырып, өздері із суытып отырған», - деді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Болат Тотыбаев.
Жедел іздестіру барысында күдіктілердің кім екендіктері анықталды. Олар ұсталып, Алматы қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. ҚР ҚК 191 - тонау бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
«Қазіргі таңда фигуранттардың осы сияқты басқа да қылмыстарға қатыстарының бар-жоғы анықталу үстінде. Ұсталғандардың тағы бірнеше қылмысқа қатысы бар болуы мүмкіндігін ескере келе, қала тұрғындарынан аталған тұлғалардың арасында олардан зардап шеккендер болса 254-48-01; 254-48-34; 254-48-09 және 102 телефон нөмірлеріне хабарласуды сұраймыз», - деді майор Тотыбаев.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары азаматтарға жолдан такси ұстаған кезде ішінде басқа жолаушылары бар көліктерге отырмауға кеңес береді.