Павлодар облысында атқора өртеніп, 9 жылқы жанып кетті

09.10.2019 17:47

Өрт сағат 19.50-де ауыздықталып, 20.15-те толығымен сөндірілді.

pavlodarnews.kz

Тілсіз жау Павлодар облысы Павлодар ауданының Ольгинко ауылында тіркелген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

"Кеше, 8 қазан күні сағат 16.42-де кезекшілік бөліміне № 3 өрт сөндіру бөлімінен 70 шақырым қашықтықта орналасқан шаруа қожалығының аймағында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Шлактан құйылған базаның ағаш құрылымдары мен төбесі жанған. Сондай-ақ, жалын 180 шаршы метр аумақта 4 тонна шөпті шарпып өткен", - делінген хабарламада.

Өрт салдарынан базаның төбесі құлап, 9 бас жылқы өрт арасында қалған. Оқыс жағдайдың орын алуына тұрғындардың отты абайсыз қолдануы себеп болған.

"Қазіргі таңда келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр. Оқиға орнына №3 өрт сөндіру бөлімінен үш адам мен бір автоцистерна, өрт сөндіру зертханасы шықты. Сонымен қатар, жеке құрамнан 16 адам мен үш техника, ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 10 адам мен МТЗ-80 жұмылдырылды", - делінген хабарламада.  

Өрт сағат 19.50-де ауыздықталып, 20.15-те толығымен сөндірілді.