Атырауда бірнеше жол апатын жасаған көлік қаққан жүргінші мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы бүгін, 18 қарашада болған.
«Бүгін жергілікті уақытпен сағат 09:00 шамасында Toyota Camry автокөлігінің 31 жастағы жүргізушісі бірнеше жол-көлік оқиғасына себепкер болды. Жүргізуші Атырау қаласындағы М.Баймұханов көшесінің бойында қарама-қарсы бағытқа шығып, әуелі жол жиегінде орналасқан электр бағанасына соқтығысқан. Көлік соққы екпінімен сол маңдағы құрылыс нысанының қоршауына соғылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолақта келе жатқан ер адамды қағып құлатқан. Бұдан кейін тұрақта тұрған Hyundai Elantra мен ВАЗ – 2111 авткөліктеріне соғылған. Ал, Hyundai Elantra автокөлігі соққы екпінімен жолда келе жатқан Volkswagen Passat автокөлігімен түйісті. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Toyota Camry көлігі қаққан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір жол-көлік оқиғасынан мерт болған ер адамның жеке басына қатысты ақпарат анықталып жатыр. Жол-көлік оқиғасын жасаған көлік жүргізушісіне қатысты тиісті іс-құжаттары жинақталып, тергеу амалдарын жүргізу басталды.
«Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерінен жолда жүру қауіпсіздігін қатаң сақтаған жөн. Көлік жүргізушілері жолаушылар мен өзінің өміріне, денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жол қозғалысы кезінде қауіпсіздік шараларын басты назарға алу қажеттігін ескертеміз», –- деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.