Полицейлер әйелге қатысты түскен әрбір ақпаратты тексерген
Павлодар облысының Екібастұз қаласында қазан айының ортасында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен әйел өлі табылды. Полиция оның өліміне күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, 15 қыркүйекте қала тұрығыны полицияға жүгініп, қызының жоғалып кеткенін айтқан. Анасының сөзінше, 34 жастағы Катерина Коковина бірнеше күн бұрын Nissan Qashqai көлігіне мініп, үйінен шығып кеткен. Содан кейін қайтып оралмапты.
«Жергілікті полиция басқармасы жоғалып кеткен әйелдің қайда екенін және жоғалып кетуінің мән-жайын анықтау үшін, іздестіру шараларын ұйымдастырды. Оған полиция қызметкерлері мен еріктілер тартылды. Тәртіп сақшылары үйлердің әр пәтеріне дейін, сонымен қатар жақын жердегі дүкендерді тексеріп, бейнебақылау камерасындағы жазбаларды қарады», - дейді ведомстводағылар.
Сондай-ақ, полицейлер мен еріктілер үйлердің жертөлесі мен шатырларын, құдықтар, бос қалған ғимараттарды тексерді.
Сонымен қатар полицейлер әйелге қатысты түскен әрбір ақпаратты тексерген.
«Жедел іздестіру шараларының барысында жоғалып кеткен әйелдің көлігі қайда екені белгілі болды. Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Ол – Екібастұз қаласының 1992 жылғы тұрғыны болып шықты», - дейді полициядағылар.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.