Екінші азаматтың жағдайы ауыр
Ақтау маңында жанармай тиелген цистерна жарылысынан зардап шеккендердің бірі қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, қайтыс болған адам - 1989 жылы туған азамат.
"Өкінішке қарай, бір науқас қайтыс болды. Зардап шеккен екінші адам - 1981 жылы туған азаматтың жағдайы ауыр. Дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін істеп жатыр", - деді Маңғыстау облыстық аурухананың баспасөз қызметі өкілдері.
Еске салайық, кеше, 8 қаңтарда Ақтау маңында жанармай тиелген цистерна жарылғаны хабарланған болатын.
Оқиғаның мән-жайын азаматтық қорғау капитаны, Мұнайлы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Жайнат Әуесбаев айтты. Оның сөзінше, 7 қаңтарда сағат 21.00 шамасында Мұнайлы ауданы, Дәулет ауылында орналасқан "BBJ GROUP" ЖШС көлік компаниясының базасында жанар-жағармай құйылған цистернасы жарылып, содан кейін өрт шыққан. Жарылыс салдарынан жараланған екі адам облыстық ауруханаға жеткізілген еді.