Ақтөбе облысында 15 жастағы балаға найзағай түсіп көз жұмды

21.05.2022 17:58

Ал 27 жастағы жігіт ауруханада жатыр

© AFP 2022 / JULIAN STÄHLE

Ақтөбе облысында ер адам мен жаспөспірімге найзағай түсіп, салдарынан біреуі қаза болды, деп хабарлайды  Almaty.tv  Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Трагедия 20 мамырда кешкі сағат жетілер шамасында болған. Ақтөбе қаласына жақын Белогорка ауылында 27 жастағы ер адам мен 15 жастағы балаға жай түсті. Жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Ал ер адам жедел медициналық жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде жағдайы қалыпты.

Sputnik мәліметінше, Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті найзағай кезінде қауіпсіздік шараларын барынша сақтау қажеттігін еске салды. Атап айтқанда, биік ағаштар мен электр желілердің жанында тұруға болмайды. Найзағай кезінде суға түспеген жөн. Себебі жай түссе, су арқылы мерт қылуы әбден мүмкін.

"Сосын қолда ұзын темір заттарды, мәселен, қармақ пен қолшатырды ұстамау қажет. Сол сияқты темірден жасалған құрылыстардан алыс жүрген дұрыс. Телефонмен қоңырау шалмаңыз. Ол құрылғы қосылып тұрса да, найзағай түсуі мүмкін", - деп ескертті департамент мамандары.

Найзағай кезінде металл заттарды да тақпаған жөн.