|
20.10.2020 | 19:44
4336

Блок-бекеттегі жол апаты: Екі адамның өмірін қиған экс-полицей 10 жылға сотталды

Ол жазасын қауіптілігі орта дәрежедегі түзеу мекемесінде өтейтін болды

Блок-бекеттегі жол апаты: Екі адамның өмірін қиған экс-полицей 10 жылға сотталды  inform.kz


Мас күйінде көлікке мініп, қос полицейдің өмірін қиған Азат Азаматов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгін Алматы облысының Қарасай аудандық соты карантин кезінде блок-бекетте болған жол апатына қатысты осындай үкім шығарды. Ал жәбірленуші тарап, сот үкімімен келісе ме? Оларға қанша теңге көлемінде қаржылай шығын өтелуі тиіс? Сот залынан Almaty.tv тілшісі Назкен Еркіннің репортажы.

Екі айға жуық уақыт қаралған іске бүгін Қарасай аудандық соты бір жола нүкте қойды. Сөйтіп блок-бекетте қызметтік көлік ішінде отырған қос полицейді жүйткіп келіп соққан удай мас экс-полицей 10 жылға сотталды.

«Азаматов Азат ҚР Қылмыстық кодексінің 345\1 бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылсын және оған өмір қойы көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Бас бостандығынан айыру жазасы ҚР қылмыстық кодексінің 46-бабының 5-бөлігініне сәйкес қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өткізу тағайындалсын», – деді Қарасай аудандық сотының судьясы Мәди Көшікбаев

Кінәсі толық дәлелденген Азат Азаматов өмір бойына көлік жүргізу құқынан айырылды. Сондай-ақ ол қаза болған Дастан Әбдіқановтың жары Динара Аманға, олардың баласы 18 жасқа толғанға дейін бір миллион теңге және 36 миллион теңге моральдық шығын өтеуі тиіс. Ал әкесіне 1 млн теңге моральдық, 2,8 млн теңге материалдық шығын төлеуге міндеттелді. Ал екінші қаза болған полицейдің үш баласы үшін 15 млн теңге өндіріп алынады. Сондай-ақ, Алматы қалалық полиция департаментіне бүлінген автокөлік үшін 5,4 млн теңге төлейді.  Мерт болған полицейлердің бірі Жасар Жанғазиевтің анасы сот үкімі тым жұмсақ деген пікір білдірді.

«Ең ауыр жазаны алу керек еді. 10 жыл деген не,  ертең-ақ шығады ғой. Менің балам 40-қа келмей кетті. Үш баласы жетім қалды, баласын көрмей кетті. Бала жетім өседі енді, не деп айтамын әкем қайда дегенде», – деді Жарас Жанғазиевтің анасы Нұрсұлу Жанғазиева.


Сот шешімімен қайтыс болған полицей Дастан Әбдіқановтың отбасы да келіспейді. Заң бұдан да қатаң болуы керек еді дейді олар.

«Сот  мырзаның айтуына қарағанда заңнан артық шыға алмаймыз деп тұр. Енді заң солай болса, айтарымыз жоқ. Соттан кейін «Алла жазасын берсін!» деймін», – деді Маратжан Әбдіқанұлы Дастан Әбдіқановтың әкесі.

Қайғыдан қан жұтқан жанұя айыпталушы тарап соңғы уақыт аралығында, тіпті,  кешірім сұрауға да жарымағанын айтады.

«Осы уақытқа дейін 6 ай өтті. Не мамасы, не келіні, не әкесі келіп кешірім сұраған жоқ. Менің инстаграмымды, нөмірімді табу қиын емес оларға. Әрәптес бола тұра біледі. Ол рөлге отырып, сол жаққа барып отыр. Соның кесірінен біз қалып отырмыз осылай баламызбен. Балам әкесін ешқашан танымай өседі», – деді Динара Аман Дастан Әбдіқановтың жары,

Жәбірленушілердің сот үкіміне қатысты апелляцияға шағым түсіру не түсірмеуі әзірге белгісіз. Олар адвокатпен ақылдасқан соң барып бір шешімге келетінін мәлімдеді. Еске салсақ, қалалық полиция департаментінің бұрынғы қызметкері Азат Азаматов Көксай ауылындағы блок-бекетте қызметте жүрген полицейлер Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқанды соғып екеуін де жазым қылған еді. Кейін белігілі болғандай, сотталушы сол күні мас болған. Ал полиция департаменті оның оқиға болардан бірнеше күн бұрын жұмыстан босатылғанын мәлімдеген еді.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы







Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир