Зардап шеккендердің табанын 1-2 дәрежелі күйік шалған
Алматыда жылу магистралінің жарылуынан күйік шалған 4 адамның жағдайы туралы дәрігерлер айтып берді. Олардың бірі үйіне қайтарылса, ал қалған үш адамға медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Оқыс оқиғадан 4 адам зардап шеккен. Жедел жәрдем бригадасы олардың үшеуін - №4 ауруханаға, бір адамды Шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасына жеткізді. Бір адам амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне қайтарылды.
«Зардап шеккендердің табанын 1-2 дәрежелі күйік шалған. Науқастардың денсаулығы қазір жақсы. Реанимациялық шараларға мұқтаж емес. Медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», - деп мәлім етті қалалық нен.
Айта кету керек, оқыс оқиға таңғы 4-те Пушкин көшесінде болған. 1993 жылдан бері қолданылып келе жатқан тозығы жеткен құбыр жарылып кеткен. Салдарынан 4 адам зардап шекті. Көпқабатты үйдің 7 пәтері мен тұрақта тұрған 8 көлікке зақым келді.
Алматы жылу желілері кәсіпорны барлық келтірілген шығындар көлемі есептелген соң заң шеңберінде өтейтін болады.