Блокбекеттердің арқасында адамдар зардап шеккен жоқ
2023 жылғы 11 сәуірде түнде «Қазселденқорғау» ММ Алматы өндірістік қалалық пайдалану басқармасының филиалынан жауапты учаскеде (бекет бөгет жотасында орналасқан) болған «Қазселденқорғау» маманының «Мохнатка» тауы маңында, Медеу бөгетінің тұсынан 300 м жоғары (Медеу Шымбұлаққа барар жолда) жағында көлемі шамамен 20м3 тас опырылып түскенін анықтағаны туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Медеуден Шымбұлаққа баратын жолда 20 текше метрлік тас опырылып, жерге құлады. Ал оның көп бөлігі қорғаныс қабырғасының ішіне түскен. Кесірінен, беткейді бекітіп тұрған габион зақымдалып, екі тіреу майысқан. Қазір таудан тастардың құлау қаупі басым болғандықтан, Медеу-Шымбұлақ жолы жабық. Мамандар тауда адасқан туристерге көмек қажет болса, бірден 112, 109 нөмірлеріне қоңырау шалуға болатынын ескертеді.
«Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті және «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі алматылықтарға, туристерге, «Қазгидрометтің» жауын-шашын туралы болжамына байланысты тауға барудан бас тартуды сұрайды», – деді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының аға инженері Гүлдана Нұрымбетова.