13 наурыз күні Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында келе жатқан АН-26 әскери ұшағы 17.22 кезінде радардан жоғалып, қала әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді
Дәрігерлер ұшақ апатанынан аман қалған екі әскеридің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір олар №4 клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Зардап шеккен бір науқастың жағдайы орта деңгейде ауыр болса, екінші әскери қызметкердікі тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбековтің хабарлауынша, науқастың бірін теріні трансплантациялау отасына дайындап жатыр екен. Бұған дейінгі ем-шаралары сәтті өткен.
«Екі науқас №4 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Зардап шеккендердің бірінің жағдайы орташа ауыр, екінші науқас – әскери қызметкердің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Комбустиологтар күйік ауруларын емдеп жатыр. Дәрігерлер пациенттердің бірін аутодермопластикаға (өз терісінің сау бөлігін терең жарақат орнына трансплантациялауға) дайындап жатыр, бірінші кезең сәтті өтті», – дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков.
Еске салайық, 13 наурызда АН-26 әскери ұшағы Алматы маңында апатқа ұшыраған болатын. Салдарынан 4 адам қаза тауып, екі әскери ауруханаға жеткізілді.
Ұшақ апаты болған жерге қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барып, зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды.