Есік қаласында 20 жастағы студент асылып қалды

25.01.2019 18:04

Алматы маңындағы Есік қаласында 20 жастағы студент асылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға Есік қаласы педагогикалық колледжінде болған. Марқұмның денесін курстастары жатақхананың балконында асылып тұрған жерінен тапқан.

Алматы облыстық ПД баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет аталған деректі растады.

«Бұл жағдай 24 қаңтарда таңертең тіркелген. Есік қаласындағы колледждің жатақханаларының бірінде асылып қалған қыздың денесі табылды. Қазір Еңбекшіқазақ ауданы полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Ең бірінші нұсқа - өзіне-өзі қол салу болып отыр», - деді Көбейхан Нұрахметов.

Бойжеткеннің ВК әлеуметтік желісіндегі соңғы жазбаларына сәйкес, ол осы өмірмен қоштасқысы келген.

Соңғы рет 24 қаңтарда түнгі 2:17-де парақшасына кірген. Соңғы жазбасында анасынан кешірім сұраған. 2 қаңтардан бастап парақшасында өмірдің жалғандығы туралы жазбалармен бөлісіп отырған.

«Егер мен бұл өмірде жоқ болып кетсем, жыламаңыздар» деген жазбаны ол 2 қаңтарда жариялаған. Әлеуметтік желіде қыздың дәрігер алдына барған қағазы таралып жатыр. Жазба астына коммент қалдырғандардың айтуынша, бойжеткен жүкті болып қалған болуы мүмкін.