Алматыда ұшақ апатынан қаза болғандардың саны 12-ге жетті

27.12.2019 18:05

Қазіргі уақытта ауруханаға 66 адам жеткізілген

Bek Air әуе кемесінің апатынан кейін қаза тапқандардың саны 12-ге жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл ақпарат әлі де өзгеруі мүмкін. Себебі, қазіргі уақытта ауруханаға 66 адам жеткізілген. Оның 12-сі әлі де болса ауыр хәлде жатыр. Апаттан зардап шеккендердің барлығын Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасы мен «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына» жеткізді. Барлық ауруханаларда психологтар зардап шеккендердің туыстарымен жұмыс істеп жатыр.

Одан өзге, апат орын алған Қызыл ту ауылы маңындағы барлық аудандық және ауылдық емханалар да жапа жеккендерді қабылдап жатыр.

Ал, зардап шеккендердің туыстарының бірімен тілдесу мүмкін болған екен. Ұшаққа мінген жолаушылардың барлық туыстары әлі қорқып, алаңдап отырғандарын жеткізді.