Маңғыстау облысындағы «Ақтау-Жаңаөзен» автожолына әскери ұшақ қонды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Алтын жебе» оқу-жаттығу аясында әскери ұшақ жолға қондырылды. Жаттығу барысында қауіпсіздік шаралары ескерілгеннен кейін, ұшақты қондыру амалдары жасалды.
Ведомство ақпаратына қарағанда, сәуір айының басында Қорғаныс министрі «Алтын жебе» арнайы операциялар күштерінің компоненттерін кешенді тексеру барысын қадағалады.
Ақтау гарнизонында қорғаныс ведомствосының басшысы арнайы операциялар күштерінің құрамдарын тексерудің екінші кезеңі өтіп жатқан оқу-жаттығу полигондарын аралады.
Айта кетейік, «Алтын жебе» арнайы операциялар күштерін кешенді тексерудің екінші кезеңі Қазақстанның батыс өңірінде өтіп жатыр.
Бұған Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің әскери бөлімдері қатысты. «Алтын жебе» тексерісінің екінші кезеңі осы жылдың 10 сәуіріне дейін жалғасады.