Осы қылмыстан мемлекетке келтірілген шығын 1 млрд 435 млн-нан астам теңгені құрады
«Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» аумағында браконьерлер тобының 154 ақбөкенді ату әрекетіне қатысы бары дәлелденді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Полиция ведомствосы өкілдерінің хабарлауынша аталған қылмысқа, аңдарды қорғаумен айналысатын «Охотзоопром» мекемесі қызметкерлерінің де қатысы бар көрінеді. Алайда ондағылар қатарындағы қылмыскерлерді өздері әшкерелеп, полиция қолына тапсырғанын алға тартуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы жылдың наурыз айында «Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» аумағында аяусыз атылып, мүйіздері кесілген 154 ақбөкен табылды. Ішкі істер министрлігінің таратқан мәлімдемесіне сәйкес, табиғатта сирек кездесетін аңдарды жоюға «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары ат салысқан. Тергеу барысында кәсіпорынның екі қызметкері кедергісіз атуды ұйымдастырғаны және олардың екі танысы ақбөкендерді шетінен сұлата бергені белгілі болды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары өлтірілген жануарлардың мүйіздерін сатып алған адамды да анықтапты. Ол Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып шықты.
«Сонымен қатар сатып алушы Нұр-Сұлтан қаласының 46 жастағы тұрғыны анықталды. Оның гаражынан Рессей Федерациясы аумағына контрбандалық жолмен тасымалдау және одан әрі ҚХР-на сату үшін дайындалған, арамен кесіп алынған ақбөкендердің мүйіздері табылып», – дейді Ақмола облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлнар ПИНЧУК.
Десе де, біз үшін бұл жаңалық емес дейді, табиғатты қорғау мекемесінің басшылары. Олардың айтуынша, Охотзоопром мекемесінің инспекторы аталып, браконьерлікті кәсіп еткен зұлымдарды өздері анықтап, полицияның қолына тапсырған көрінеді.
«Іздеу, сұрау кезінде біздің инспекторларға жолын салды қылмыс. Біздің инспектордың жақын туысы ұсталды да Жусупов Рамазан деген. Сол жігіт ұсталған кезде біз полицияға арызын жазып, Жусупов Рамазанмен сөйлескеннен кейін ар жағын полиция анықтады. Сосын полициямен, Қорғалжың қорының директорымен бірге жаңағы инспектордарды полиция спецназдармен бірге бөлімшеге жеткізді», – деді «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Орталық аймақтық филиалының жетекшісі Ерлан ӘБДІРАХМАНОВ.
Қалай болғанда да, қызметін пайдаланып заңды белінен басқан инспекторлар мен олардың сыбайластары заң алдында жауап беретін болады. Бір ғана өкініш, қазіргі заңға сәйкес оларға тағайындалатын жаза, істеген қылмыстарынан анағұрлым жеңіл болып тұр.
Осы қылмыстан мемлекетке келтірілген шығын 1 млрд 435 млн-нан астам теңгені құрады. Браконьерлерге ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша кінә тағылды. Ақбөкенді аяусыз атқан қандықол қылмыскерлерге қатысты қандай жаза қолданылатынын енді сот шештін болады.