Өртті сөндіруге Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД жеке құрамынан 12 адам және екі бірлік техника жұмылдырылды
Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басшысының орынбасары Сабит Битаев өрт кезінде ерлік көрсеткен батырды марапаттады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұр-Сұлтан қаласының 55 жастағы тұрғыны Болат ТЖД басшысы Б.Сыздықовтың алғыс хатымен марапатталды. Естеріңізде сала кетейік, 17 мамыр сағат 11.50-де Дүкенұлы көшесінде автокөлік өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түсті.
Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері сағат 11.55 минутта оқиға орнына келіп жеткенде «Nissan-Terrano» маркалы көліктің жанып жатқаны анықталды. Өрт сағат 11.59 минутта ауыздықталып, сағат 12.02 жойылды. Өрттің болжамды себебі қозғалтқыш бөлігінде электр сымдарының қысқа тұйықталуы болды.
Өртті сөндіруге Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД жеке құрамынан 12 адам және екі бірлік техника жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер келгенге дейін өртеніп жатқан автосалоннан көлік жанынан өтіп бара жатқан куәгер 5 және 6 жасар балаларды құтқарды. Түтінді көрген куәгер Болат автокөлікке қарай жүгіріп, ішінде екі кішкентай баланы көрді. Көп ойланбастан балаларды құтқаруға кірісті. Жанып жатқан көліктің терезесі ашық болатын, Болат балаларды терезеден шығарып алды.
Балалар көлікте үлкендердің қарауынсыз жалғыс болған. Аналары дүкенге шығып кеткен. Нұр-Сқлтан қалалық ТЖД балаларды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Кез келген уақытта жазатайым жағдай болу мүмкін.