|
02.05.2019 | 20:00
3924

«8 бала ауруханада жатыр»: Нұр-Сұлтанда жатақхана отқа оранды

Қала әкімі Бақыт Сұлтановтан тұрғындар жатақхананы апат жағдайындағы сүрілетін тұрғын үй қатарына қосуды сұрады

«8 бала ауруханада жатыр»: Нұр-Сұлтанда жатақхана отқа оранды

Өрт елордадағы Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан нысаннан шыққан. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Өрт сөндіру қызметі оқиға орнынан 32 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал төтенше жағдай орнына барған қала әкімі Бақыт Сұлтановтан тұрғындар жатақхананы апат жағдайындағы сүрілетін тұрғын үй қатарына қосуды сұрады.

Өрт кезінде зәресі қалмаған тұрғындар жанұшыра терезеден секіре бастаған. Куәгерлердің айтуынша, тіпті жөргектегі сәбилердің өзін терезеден шығаруға тура келіпті. Өрт сөндірушілерге куәгерлер де қолғабыс етті. Ал, 17 жастағы Сағындықты мұндағылар «бүгінгі күннің батыры» деп атады. Ол отқа оранып, қою түтін будақтаған жатақханадан достарымен бірге 10 шақты адамды алып шыққан.  

«Өртті көре сала, осында жүгірдім. Алыстан ересек адамдардың терезені ұрғылап жатқанын көрдім. Басында жүрексіндім, әрине. Алайда, құтқару міндет болған соң, ішке қойып кеттім де, шамам келгенше үш-төрт адамды алып шықтым», – дейді куәгер Сағындық ТАЙҒАНОВ.

«Бізде дәліздік жүйе. Бүкіл үйді қара түтін алып кетті, балалар қорыққаннан айқайлап жылай бастады. Оларды көріп, біз жыладық. Тіпті, жанұшыра терезеден секірген балаларды да көрдік», – дейді осы үйдің тұрғыны Галина ЧЕРНЫШЕВА.

Бүгінде эвакуацияланған 32 адамның 11-і ауруханаға жатқызылды. Олардың үшеуі – ересек, қалған сегізі – балалар.

«Екі баланы №1 қалалық балалар ауруханасына, алтауын №2 балалар ауруанасына жатқыздық. Барлығының жағдайы тәуір деуге болады. Алайда, бір бала әлі жансақтау бөлімінде жатыр», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі Аслан ЖАНГЕРЕЕВ.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, аталған жатақхана былтыр сәуірде ғана тексерілген. Сол кезде өрт қауіпсіздігіне қатысты бірқатар олқылықтар анықталған. Алайда, мемлекеттік инспекторлар қойған талаптар орындалмағандықтан, деректер сотқа жолданыпты.  

«Бес қабатты жатақхананың екінші қабатындағы 20 шаршы метрлік пәтерде жиһаздар жанып кеткен. Өрт барысында 32 адам құтқарылды. Өрт сөндіруге 18 техника және 66 жеке құрам өрт сөндірушілер қатысты», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Саят ҚАЖЫМОВ

Белгілі болғанындай, 1974 жылы салынған жатақхана жоғары деңгейдегі тәуекел нысанына жатқызылған. Сондықтан тұрғындар оны апат жағдайындағы сүрілетін тұрғын үй қатарына қосуды сұрауда.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

пожар
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир