Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында 20 тұрғын үй мен 10 әкімшілік ғимараттың шатырын жел ұшырды. Келген шығынды әкімдік жанынан құрылған комиссия анықтайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
2 маусымда болған жел мәденит үйі, автостанция ғимараты, аудандық аурухана, мектеп сынды ғимараттардың шатырын ұшырды. Сондай-ақ, бірқатар дүкен мен мейрамхана шатырсыз қалды.
«2 маусымда Ақтоғайда желдің екпіні күшейді. Салдарынан әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлер шатырсыз қалды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ», – деді Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайдан келген шығынды әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия анықтап жатыр.
1 маусымда қатты жел салдарынан Павлодар облысында да бірқатар ғимарат шатырсыз қалған болатын. Ағаштардың бірі жеке үй ауласында жасөспірімге құлады. Ол жергілікті ауруханаға жеткізілді. Алайда құтқару мүмкін болмады.