Хабар-ошарсыз кеткен ер адам қинап өлтірілген
Алматы облысында бес күн бұрын жоғалған 34 жастағы ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 шілде күні Қарасай ауданының полицейлеріне Алматы қаласының 33 жастағы тұрғыны арызданған. Ол Алматы облысындағы елдімекендердің біріне кеткен жұбайының қайтып оралмағанын айтқан. Ал жоғалған адам Алматыдағы құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істеген.
«Іздестіру іс-шаралары барысында Қарасай аудандық полиция қызметкерлері ауқымды жұмыстар жүргізді. Көшедегі бейнебақылау камераларын қарап шығып, жоғалған азаматты соңғы рет көрген куәгерлерді іздеп, жауап алды. Нәтижесінде екі әріптесі ұсталып, қамауға алынды», – деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Хабар-ошарсыз кеткен ер адам қинап өлтірілген. Тәртіп сақшылары оның мүрдесін Алматы қаласынан 100 шақырым қашық жерден тапты. Сондай-ақ, қылмыс жасалған орын мен жәбірленушінің денесі жеткізілген көлік те анықталды.
«Денені қайда жасырғанын күдіктілердің бірі көрсеткен. Қазір кісі өлтіру фактісі бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп толықтырды облыстық полиция.