Қарғалы су қоймасында балықтың не себепті қырылғаны анықталып жатыр

03.06.2020 18:31

Тұрғындар балықтың қырылуына аптап ыстық себеп болды деген болжам жасаған

© Photo : СС0 / Esteban Rodriguez

Ақтөбе облысының тұрғындары әлеуметтік желіде Қарғалы су қоймасында балықтың қырылуы туралы ақпарат таратып жатыр. Осыған байланысты Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі өңірлік инспекциясының қызметкерлері тексеріс бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшіcі Spunik Қазақстанға сілтеме жасап.

Су қоймасының жағасында жатқан балық өлекселерін жергілікті тұрғындар тапқанын «Мой город» порталы жазған болатын.

Олар балықтың қырылуына аптап ыстық себеп болды деген болжам жасаған.

Әлеуметтік желідегі роликті көрген Ақтөбе облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі өңірлік инспекциясының мамандары тексеріс жүргізетін болды.

«Біз болған жағдай туралы Instagram-нан білдік. Балықтарды жинап алдық. Барлығы – 925. Балықтар ветеринарлық зертханаға жіберілді. Тексеріс қорытындысы келесі аптаның басында дайын болады. Мамандар балықты инфекциялық, паразиттік ауруларға тексеріп жатыр. Су сынамасы жасалады», – деді Ақтөбе облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі өңірлік инспекциясы бөлімінің жетекшісі Нұрболат Дүйсенов.

Оның айтуынша, балықтардың қырылу себебі тексеріс қорытындысы шыққан соң жарияланады.