Соңғы тәулікте елорда сыртынан 750 адам құтқарылып, 1500 көлік буксирленген
Кешелі бері соққан бұрқасын мен қалың жауған қар барлық қызметтерді әбігерге салды. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеуде. Ал құтқарушылар мен тәртіп сақшылары болса, қала сыртындағы тасжолдарда қар құрсауында қалып қойған адамдарды құтқарумен әлек. Соңғы тәулікте 1000-ға жуық адам қар құрсауынан құтқарылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көмек сұраған хабарламалар кешелі бері жан-жақтан ағылды. Табиғаттың тосын мінез көрсетуінен қар құрсауында қалған адамдар мынадай бейнежазбалар да жолдады. Анықталғаны, өткен тәулікте 750-ден астам адам құтқарылған. Қар құрсауынан 1500-ден астам көлік шығарылды. Дегенмен де қар басып қалған жерлерде 500-ге тарта көлік қалып отырғаны мәлім болды. Елорда маңында адамдарды құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда. Тасжолдарда қалып қойған адамдарды эвакуациялауға Ұлттық ұлан сарбаздары да жұмылдырылды.
«Қарағанды-Теміртау бағыты бойынша қар құрсауынан 90-ға жуық адам құтқарылды. Нұр-Сұлтан-Шортаңды бағыты бойынша 16 көлік қар құрсауынан шығарылып, 30-ға тарта адам құтқарылды. 4 бала және бір жүкті әйел. Қазіргі уақытта олар трассадан келе жатыр. Денсаулықтарына ешқандай зиян келген жоқ», – деді ҚР Ұлттық Ұлан баспасөз қызметінің басшысы Руслан ЖАНГУЛИН.
Қар құрсауында қалғандардың бірі – студент Минур Қазбек. Төтенше жағдайлар департаментінің ескертулеріне қарамастан, тәуекелге бел байлап, жолға шыққанын айтады.
«Таңертең Бестөбеден Степногорсіге шықтық. 13.30-да Стенпногорскіден ілесіп жүрумен шықтық. Бір тәулік бойы жүрдік. Қорыққаннан көз ілмедік. Көлік деген жан-жаққа тербелді. Тамақ жоқ. Анам беріп жіберген тұздалған қиярды жедік жолда. Осындай ауа-райында жолға шықпаңыздар дегім келеді. Себебі біз бір ажалдан аман қалдық», – деді Минур ҚАЗБЕК.
Бұрқасынның салдарынан елорда маңындағы елдімекендерде кеше жарық пен жылу, су болмады. Ондағы тұрғындар қаладағы жұмыстарына дер кезінде жете алмады. Себебі қоғамдық көліктер қатынамады. Ал Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай режимі жарияланып отыр.
«Бізде Нұр-Сұлтан бойынша төтенше жағдай жарияланды. Ол әділет басқармасының тіркеуінен өтті. Қазіргі кезде алты өңірде ТЖ комиссияларының отырысы болайын деп жатыр. Бірінші кезекте Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары жіті бақылауға алынды. Ол жерлердегі елді мекендерге қатынау мүмкіндігінің қиындауына байланысты ТЖ жарияланатын болады», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.
Боран салдарынан елордадағы халықаралық әуежай жабылды. 30-ға жуық рейс белгісіз уақытқа кешіктірілген.
«Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы әуежайы әуе айлақ Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 14.00-ге дейін жабылғанын хабарлайды. Жабылу уақыты ұзартылуы мүмкін. Қазірше ауа-райының қолайсыздығына байланысты белгісіз уақытқа 27 рейс кешіктірілді. Оның ішінде халықаралық бағыттағы 13 рейс. Және 20 рейс тоқтатылды. Оның ішіндегі 3 рейс халықаралық бағыттағы рейстер», – деді «Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің өкілі Жеңіс АХМЕТЖАНОВ.
Ал Қазгидромет мамандары бұрқасынның ертеңге дейін сақталатынын айтады. Кейін бәсеңсіп, күн райы -30 градусқа дейін суытатынын мәлімдеп отыр.
«Алдағы тәуліктерде, яғни 29-30 қаңтарда солтүстік-батыс антициклонның келуі күтілуде. Осының салдарынан күн суытып, қардың түсуі тоқтайды. Ауа температурасы қаңтар айындағы қалыпты деңгейде болады, түнде солтүстікте, шығыста және орталықта минус 20-30 градусқа дейін төмендейді», - деді «Қазгидрометтің» қысқа мерзімді болжамдар басқармасының басшысы алуа САХАНОВА.
Ал төтенше жағдайлар және полиция департаменттерінің басшылары және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары елорда тұрғындарына арнап бейнежазба әзірлеген. Онда елордалықтарға мүмкіндігінше ешқайда шықпауды сұрайды. Шыққанның өзінде тек қоғамдық көлікпен қатынауға кеңес береді. Тек соңғы тәулікте 100 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Мұнымен қатар төтеншеліктер жоғарғы оқу орнындары басшыларын оқу процесін уақытша тоқтатып, бизнес-құрылымдарға, ұйымдар мен мекемелерге жұмыс күнін қысқартуды ұсынып отыр.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Алматы телеарнасы Нұр-Сұлтаннан