Алматыда аялдамада тұрған екі әйелді қағып өлтірген адам 6 жыл 8 айға сотталды

17.07.2019 00:09

Сотталушы екі ай ішінде марқұмдардың отбасына 5 миллион теңгеден астам моральдық және материалдық өтемақы төлеуге тиіс

Бүгін тізгінге мас сүйде отырып, екі әйелді қағып өлтірген Александр Типикинді сот 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейтін болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сотталушы бұған қоса екі ай ішінде марқұмдардың отбасына 5 миллион теңгеден астам моральдық және материалдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Ал жол апатынан жапа шегіп, аяғын сындырған үшінші адамға 500 мың теңге беруі тиіс.

«Типикинді жазасын өтейтін мекемеде маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылсын. Оның жол апатына түскен көлігі өзіне қайтарылып беріледі. Бірақ, Типикиннің көлік жүргізуіне 10 жыл бойы тыйым салынсын», – деді Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотының судьясы Залина МАХАРАДЗЕ.

Естеріңізге сала кетсек, биыл наурыз айында ащы суға сылқия тойған Александр Типикин аялдамада тұрған үш адамды қағып кеткен еді. Соның салдарынан бір ер адам аяғын сындырса, Гузаль Есімханова мен Мереке Әбенова есімді қос келіншек қайтыс болды. Олардың соңынан ботадай боздаған жеті бала жетім қалды. Тергеу кезінде Александр Типикиннің көлік жүргізуге рұқсаты болмағаны анықталды. Полицейлер оны бұрын да мас күйінде көлік жүргізгені үшін рұқсатынан айырған екен. Ал бүгінгі соттың үкімін естіген марқұмдардың туыстары, әділ шешім шығарылмады деп күйініп отыр. Енді олар қалалық сотқа шағымданбақ.

«Соттың берген үкімі әділ емес. 6 жыл 8 ай деген ол аз ғой.  Бір емес, екі адам қайтыс болып отырғаннан кейін оған заң бойынша берілетін мерзім  – 10 жыл. Біз сол 10 жыл берілсе деп талап қойғанбыз. Біздің талап-арызымыз орындалмады», – дейді марқұм М. Әбенованың күйеуі Асқар ИМАНТАЕВ.