Олар жүк көліктері жүргізушілерінен 15 мыңнан 50 мың теңгеге дейін ақша алып отырған
Түркістанда ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Күдіктілер Сарыағаш қаласындағы «Қапланбек» шекара маңындағы өткізу бекетінде ұзақ уақыт бойы ТМД елдері арасына қатынаған жүк көліктерінің жүргізушілерінен 15 мыңнан 50 мың теңгеге дейін ақша алып отырған. Өзбекстанға жол жүргендер ақша беруден бас тартқан жағдайда «Сарыағаштықтар» деген атпен белгілі қылмыстық тобының мүшелері қорқытып, жәбірленушілердің көліктеріне зақым келтірген. Тіпті машиналарының дөңгелектерін жарып кеткен жағдайлар болған. Оңай олжаға кенелгісі келгендерді Түркістан облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен аталған өңір бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің мамандары бірлесіп ұстаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, күдіктілер тұрғылықты мекен-жайларында ұсталды. Барлығы 13 күдікті анықталған. Олар – Түркістан облысының тұрғындары. Қазіргі уақытта бопсалау бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық топтың барлық мүшелері қамауға алынды.