Өзбекстанда су тасқынынан көз жұмғандар саны 6 адамға жетті

17.05.2020 18:29

Су тасқыны салдарын жою мен іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында тағы екі адамның мәйіті табылды

© Photo: Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өзбекстанда бөгеттің бұзылуы салдарынан көз жұмғандардың саны алты адамға жетті. Қайтыс болғандардың арасында екі әйел және төрт ер адам бар, деп хабарлайды Almaty.tv Sputniknews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің ұйымдастыру-талдау басқармасының бастығы Камилжон Ариповтың айтуынша, тағы бір адам із-түзсіз жоғалғандар санатына кірген.

Еске салсақ, 1 мамыр күні Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылған болатын. Тасқын су салдарынан бірнеше елдімекен мен жолдар қирап, егіс алқаптары зардап шекті.

Апаттан Қазақстанның оңтүстігіндегі бірнеше ауыл зардап шекті. 1 030 үйді, мектептерді, балабақшалар мен медициналық нысандарды су басқан. Елдімекендерден 31 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Түркістан облысында техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Өзбекстанның Бас прокуратурасы «қызметтік немқұрайлылық» және «тау-кен, құрылыс немесе жарылыс жұмыстарының қауіпсіздік ережелерін бұзу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.

Аталған баптар бойынша айыптыларға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Айта кетейік, Қазақстан Сардоба су қоймасының техникалық аудитіне қатысуға ниетті.