Қазақстанда жыл басынан 85 бала терезеден құлаған

12.08.2020 19:43

суға шомылу кезеңі басталған 1 маусымнан бүгінгі күнге дейін ел бойынша 64 бала суға батып кеткен

открытые источники

Қазақстанда жыл басынан бері 85 бала көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

11 тамызда күндіз Алматы облысы Қарасай ауданының Жібек жолы ауылында 2019 жылы туған бала екі қабатты жеке тұрғын үйде абайсызда баспалдақтан құлап, ауруханаға жатқызылды.  

Кешке Атырау облысының Ақсай-2 кентінде 2019 жылы туған бала жекетұрғын үйдің ауласында 2 метр тереңдіктегі шұңқырға құлап, ауруханаға жатқызылды.

Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының Шошай қыстағында 2017 жылы туған қыз бала мен 2019 жылы туған ер бала жеке тұрғын үйдің ауласында тереңдігі 3 метр ашық құдыққа құлап, суға батып кетті.

«Қостанай облысының Қостанай қаласында 2015 жылы туған қыз бала екі қабатты жеке тұрғын үйде 2-қабаттың терезесінен құлап, ауруханаға жатқызылды және Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қараөзек ауылынан 5 шақырым жерде 2007 және 2010 жылы туған ер балалар Сырдария өзенінде суға шомылуға жабдықталмаған жерде суға батып кетті», – делінген хабарламада.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім еткендей, құлаған балалардың жасы 1-8 жас аралығында. Салдарынан 8 бала қаза болып, 77-сі ауруханаға жеткізілді. Бұдан бөлек, суға шомылу кезеңі басталған 1 маусымнан бүгінгі күнге дейін ел бойынша 64 бала суға батып кеткен. Олардың барлығы ересек адамдардың қарауынсыз қалған. Осы уақыт аралығында су айдындарында 24 бала құтқарылған. Айта кетсек, былтыр 82 бала судан ажал құшқан. ТЖК ақпаратына сәйкес, Қазақстанда өткен бір тәулік ішінде ғана балалардың қатысуымен 5 оқиға болды. Оларда 4 бала қаза тауып, 3-еуі ауруханаға жатқызылды.

«Жазғы демалыс кезінде балалардың су айдындары, суару арықтары мен каналдардың жанында болуына ата-аналардың жауапкершілігіне ерекше назар аударғымыз келеді. Сонымен қатар, ата-аналар қауіпсіздік ережелерін сақтап, баланың терезеден немесе балконнан құлау қаупін азайту шараларын білуі керек», – деп жазылған хабарламада.