Қазақстанда соңғы он жылда АН ұшақтары қанша мәрте апатқа ұшырады

14.03.2021 19:07

2015 жылдың 20 қаңтарында Жамбыл облысында «Шатыркөл» кенішіне жақын жерде «Қазақмыс» компаниясының жұмысшылары мінген АН-2 ұшағы құлады

Фото: ашық дереккөзден алынды

АН-26 – Антонов құрастыру бюросында жасалған кеңестік әскери ұшақ. Бұл одан бұрын шыққан АН-24 моделінің модификациясы. Ұшақ жүк тиеуге және оны түсіру үшін ыңғайлы етіп құрастырылған. Мұндай типтегі ұшақтар әуе қорғанысы күштері мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде қолданылады. Жалпы, АН ұшағына қатысты елімізде соңғы 10 жылға жуық уақытта қанша апат болды, Almaty.tv баяндайды.

2012 жылдың 25 желтоқсаны. Шымкент әуежайынан 20 шақырым жерде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне қарасты Ан-72 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырады. Оның ішінде болған 27 адам – экипаждың 7 мүшесі және 20 әскери қызметкер қаза тапты.

2015 жылдың 20 қаңтарында Жамбыл облысында «Шатыркөл» кенішіне жақын жерде «Қазақмыс» компаниясының жұмысшылары мінген АН-2 ұшағы құлады. «Олимп Эйр» әуе тасымалдаушысына қарасты және Балқаш-Шатыркөл кеніші бағытында жол тартқан ұшақта алты адам қаза тапты. Жалғыз әйел – «Балқаштүстіметалл» кәсіпорнының 28 жасар бас геологы аман қалды.

Ал, 2016 жылдың 27 маусымында Алматы облысындағы Береке ауылы маңында егістікті өңдеп жүрген АН-2 ұшағы апатты жағдайда қонуға мәжбүр болды. «Тамшыбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі әуе көлігіндегі екі адамның бірі келген зақымнан дүние салды. Ал, 2017 жылдың 3 қазаны. Тағы Алматы маңында East Wing авиакомпаниясына тиесілі Ан-28 ұшағы құлап, өртке оранды. Әуе көлігі ауыр жағдайдағы жүкті әйелге медициналық көмек көрсету мақсатында Алматы-Шымкент бағытында аттанған сан авиация ұшағы еді. Оның ішінде болған бес адамның – үш экипаж мүшесі және екі медицина қызметкерінің барлығы қаза болды.

«Әрине, бұл өте ескі техникалар. Әдетте, ол әскери көлік ретінде қолданылады. Өйткені бұл ұшақ кішкентай,40-50 орындық қана. Қатты алысқа ұшуға арналмаған. Әскери қажеттіліктерді тасымалдауға аса ыңғайлы», – деді ҚР ҰҚК отставкадағы полковнігі Арат Нарманбетов.