Қызылорда облысында екі қыз суға батып кетті

23.08.2021 18:35

Қайғылы оқиға Қазалы ауданына қарасты Басықара ауылы аумағындағы «13 бекет» суару каналында болған

inform.kz

Қызылорда облысында 14 және 17 жастағы екі қыз каналға суға батып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Қазалы ауданына қарасты Басықара ауылы аумағындағы «13 бекет» суару каналында 21 тамызда сағат 18.38 шамасында болған. Бұл жөніндегі хабар облыстық төтенше жағдайлар департаменті күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына келіп түсті.

«Каналға 2004 және 2007 жылғы екі қыз бала абайсызда батып кеткен. Жергілікті тұрғындар күшімен 14 жастағы қыздың денесі судан шығарылды. Құтқарушылар 17 жастағы қыздың денесін бір күннен кейін суға батқан жерден бес шақырымдай қашықтан тапты. Іздестіруге жедел құтқару жасағынан 4 құтқарушысы 1 техника және 1 қайықпен барды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Мәлім болғанындай, 14 жастағы қыз ауылдағы мектепте тоғызыншы сыныпта оқыса, 17 жастағы қыз облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алған.

Еске салсақ, Қызылордада Сырдария жағасына жете алмай қалған жасөспірім құтқарылды.