|
Jol
10.04.2019 | 19:35
7530

Алматы әкімі су құбырының жарылуынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды

Апат салдарынан 4 адамды күйік шалды

Алматы әкімі су құбырының жарылуынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды

Бүгін таңертең Алматыдағы Төле би мен Пушкин көшелерінің қиылысында болған төтенше жағдайдан 4 адам зардап шеккен болатын. олардың барлығы да құбырдан атылып шыққан ыстық суға күйіп қалған деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқиға салдарынан жақын маңдағы үйлер мен автокөліктер де зақымданған. Қала әкімі Бауыржан Байбек зардап шеккендердің бәріне көмек көрсетіп, келген шығынды өтеуді тапсырды.

Жылу құбырындағы жарылыс таңғы сағат 4-те Төле би және Пушкин көшелерінің қиылысында болған. Айналаның барлығы әп-сәтте көл болып, ыстық судың будақтаған буынан қаланың орталығын тұман басқан.

«10 сәуір күні №4 қалалық клиникалық ауруханаға жедел жәрдеммен 3 науқас жеткізілді. Олардың бірі – 52 жаста, екеуі сексенде. Науқастардың денесінің екі пайызы бірінші, екінші дәрежелі термиялық күйік шалған. Олар күйік бөлімшесіне жатқызылды, қазіргі таңда жағдайлары орташа ауыр. Бір қалыпты. Біздің ауруханада олар 7-10 күндей ем алады», - дейді Алматы қаласы №4 қалалық клиникалық ауруханасы күйік бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан БИҚОҢЫРОВ.

Болған оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп алған. Бейнекадрда ыстық судың бірнеше метр биіктікке атқылап жатқаны көрінеді.

Құбыр жарылысынан зардап шеккендердің бірі – Разия Кереева. Жер астынан тесіп шыққан ыстық су зейнеткерді ұйқысынан шошып оятқан. Қазір 80 жастағы кейуана апаттың салдарынан келген шығынын дереу өз бетінше есептеп жатыр.

«Үйдің іші ыстық бу болып кетті. Төбеден су ағып, жалаңаш, жеңіл аяқ киіммен далаға атып шықтық. Көршілердің көбі сол уақытта далада жүрді», - дейді Рәзия Кереева.

Төтенше жағдай кесірінен жақын маңдағы көпқабатты тұрғын үйдің жеті пәтері мен тұрақта тұрған 8 көлік бүлінген. Тіпті, автокөліктердің ішіне кесек тастар да кіріп кеткен.

«Көлігім апат болған жерге жақын жерде тұрды. Алдыңғы және артқы әйнек сынған. Жарылыс жер астынан болғандықтан, астындағы бөлшектерге де зақым келуі мүмкін. Оны анықтау үшін сараптама жүргізіледі. Шығын көлемін анықтайтын боламыз», - дейді алматылық Адель Әділова.

«Үйге қарай тастар ыршыған. Терезенің барлығы шағылған. Пәтерде апам жалғыз өзі болған. Қазір ауруханада жатыр. Барлық бөлмеде су ағып жатыр. Күрделі жөндеу жұмысы қажет», - дейді зардап шеккен тағы бір тұрғын Тимур Искаков.

Жапа шеккендердің барлығына қажетті көмек көрсетіледі. Қазір заңгерлер келген шығын көлемін есептеп жатыр. Оқиға орнында коммуналды қызметтер жұмыс істеуде. Тұрғындарға су сағат 15:30-да берілген. Қалпына келтіру жұмысы кешкі сағат 19:00-де аяқталған.

«Жылу жүйесі мекемесі залал келген пәтерлерді жөндеп береді. Ал, бүлінген көліктерге өтемақы сақтандыру компаниялары арқылы төленеді. Шығынды барлығына өтейміз», - дейді Алматы қаласы Жылу энерго кешені және ТКШ ресми өкілі Ян ГИРИН.

Жарылған құбыр 1993 жылы пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған екен. Жылу энерго кешенінің мамандары апатқа құбырдың ескіруі себеп болуы мүмкін екенін айтып отыр.

«Мұндай құбырлар 25 жылға есептелген. Ал, қазір орнатып жатқан құбырлар одан да сапалы, шамамен 40 жылға дейін шыдас береді», - дейді Ян Гирин.

Айта кетейік Алматыдағы жылу құбырларының 61 пайыздан астамының тозығы жеткен. Жыл сайын қалада орта есеппен 12 шақырым жылу магистралі жаңартылып отырады.

Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир