Алматыда үш баланың анасы кесарь тілігінен кейін ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды stan.kz.
Қайғылы оқиға 17 шілдеге қараған түні Алматыдағы №1 перзентханада болды. Қайтыс болған әйелдің әпкесі өзінің Instagram парақшасында болған жағдай туралы айтып берді.
«17 шілдеде таңғы сағат 3.00-де дәрігерлер кесарь тілігін жасады, сәби дүниеге келді. Операциядан кейін есін әрең жиған сіңлім өзін нашар сезініп тұрғанын айтты. Біраз уақыттан кейін ішінен қан кете бастады, бірақ оны тек сағат кешкі 17:00-де операцияға алып кетті. Солайша сіңлім қайтыс болды. Жаңа туған сәби мен одан үлкен екі баланың анасыз жетім қалғаны өте қиын болды», - деп жазады ол.
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы жағдайды қарастыруға уәде берді.
«Біз туыстары мен достарына көңіл айтамыз. Сондай-ақ, науқастың қайтыс болуына байланысты акушерлік көмекті ұйымдастыруда кешенді комиссия құрылды. Комиссия құрамына республикалық ұйымдардың өкілдері, денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитеті кірді. Науқасқа көрсетілетін медициналық көмектің сапасына қатысты комиссияның материалдары құқықтық бағалау және процессуалдық шешімдер қабылдау үшін Алматы қаласының полиция басқармасына жіберіледі. Бұл мәселе Алматы әкімдігінің бақылауында», - деді денсаулық сақтау басқармасы.