Қызылордада тұрғындар қалалық жұмыспен қамту орталығына басып кірмекші болды. Себеп – бизнесті бастауға берілетін қайтарымсыз грантқа қол жеткізу. Ал, кім үлгерсе сол алады деген ақпарат әлеуметтік желіде тараған бетте халық бірден орталыққа асыққан көрінеді. Өкінішке қарай, арақашықтықты сақтау түгілі карантин талаптарының ешқайсысы ескерілген жоқ. Өңірдегі Almaty.tv тілшісі Азамат Әуезхан айтсын.
БЛИЦ:
- Мынау деген масқара ғой. Адам есік тұрған кезде терезеден кіргізе ме? 07.00-ден бері тұрмын. Міне, терезеден кіріп жатыр әйелдердің өзі.
- Өткенде келгенбіз. Сол кезде 20-сына келіңіз, сол кезде белгілі болады деген. Содан келіп тұрмыз. Адам қырғын ғой, мынаның ішіне кіре алмаймыз ғой. Есігін жауып алған. Жұмыссызбын, үйде отырған адаммын.
«Бизнес бастау» жобасы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Жұмыссыздарға және кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған жоба аясында жолдама алған азаматтар 21 күн бойы кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренеді. Оқу барысында жоба дайындап, оны қорғап шықса 555 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігі бар.
«2021 жылдың 20 сәуірінен бастап «Бизнес бастау» кәсіпкерлік саласында оқуға байланысты жолдама беру басталды. Біз 555 адамға жолдама беруге тиіспіз. Дегенмен халық көптеп келуде. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. 555 адамнан асып кетіп жатса, тізім жасап, қанша қажеттілік барын анықтап, жоғары жақтан тиісті қаржы сұрайтын боламыз», – деді қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жақсылық Төлегенов.
Қазіргі пандемия жағдайында карантин шектеулерін елемеген тұрғындарға жауаптылар ештеңе істей алмай отыр. Өйткені жолдаманы онлайн беру тетігі әлі қарастырылмаған.
Азамат Әуезхан, Алпамыс Әшірбеков, Төрехан Қожахметов, «Алматы» арнасы