Тайландта пиротехника сақталатын қоймада жарылыс болып, 12 адам, оның ішінде 3 бала көз жұмды. 115 тұрғын ауыр жарақат алған. Қайғылы оқиға Малайзия шекарасына жақын Сунгайколок қаласында болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жергілікті билік өрт дәнекерлеу жұмыстары кезіндегі қателіктен шыққанын болжап отыр. Салдарынан отшашу қоймасы түгі қалмай жанып, қуатты жарылыс Наратхиват провинциясындағы шағын қаланың көп бөлігін қиратқан. Жапа шеккен тұрғындардың айтуынша, қатты дүмпуден үйлердің терезесі мен шатыры сынған.
– Менің үйім базардан 100 метр қашықтықта орналасқан. Қатты жарылыстың дауысы естіліп, үйім орнынан қозғалып кеткендей болды. Артынша, баспанамның шатыры құлады. Айналаға қарап едім, бәрі қирап жатыр екен, – деді тұрғын.
– Болаттан жасалған конструкцияны балқыту кезінде кеткен қателік салдарынан оқыс оқиға орын алды. Бұл алдын-ала тексеріс нәтижесінде белгілі болды. Жарылыс болған нысанда құрылыс жүріп жатқан. Қазір онда тиісті жұмыстар қолға алынды, – деді Наратхиват губернаторы Санан Пхонг-Акорн.
Оқи отырыңыз: Аланиядағы жол апаты: екі қазақстандық туристке ота жасалды