Шымкентте көңілді отырыстың соңы оңалту орталығына күштеп жеткізумен аяқталды

03.07.2020 18:49

Араққа сылқия тойған нәзік жандылар қарсылық танытып, полицейлерге қыр көрсеткен

стопкадр из видео

Көңілді отырыстың соңы оңалту орталығына күштеп жеткізумен аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шымкентте ащы су ішкен бір топ бойжеткен көп қабатты үйдің тұрғындарына ұйқы бермей, шулаған. Қыздардың ерсі қылығына шыдамаған тұрғындар таңғы 04.00 шамасында тәртіп сақшыларын шақырыпты. Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында жарияланған ақпарға сай, айтылған мекенжайға келген полицейлер үш аруға ескерту жасаған. Алайда  араққа сылқия тойған нәзік жандылар қарсылық танытып, полицейлерге қыр көрсетіпті.

Бой бермеген соң, полицейлер үш қызды да күштеп көлікке отырғызып, медициналық сараптамаға жеткізеді. Мас болғаны расталған соң, олар уақытша оңалту орталығына жөнелтілді.