«Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорындарынан мұнай өнімін ұрлап келген қылмыстық топ ұсталды

31.01.2022 18:52

Олар соттың санкциясымен тергеу изоляторына енгізілді

polisia.kz

Ішкі істер министрлігінің үйлестіруімен Түркістан облысы Полиция департаменті Созақ ауданында «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорындарынан аса ірі көлемде жанар-жағар май мен басқа да құнды заттарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ұйымдасқан топ жанар-жағармай мен құнды заттарды шығаруға әрекет жасау кезінде ұсталған. Оның құрамына 10-нан астам адам кірген, оның ішінде сотталғандар мен деструктивтік діни ағымды ұстанушылар болған. Жедел ақпарат бойынша олар ай сайын ондаған миллион теңгенің мүлкін ұрлаған. Ұйымдасқан топ өкілдері ұрланған заттардың радиациялық қауіпі мен оны тасымалдау мен сақтау кезінде арнайы шарттар қажет екеніне назар аудармаған. 

Сондай-ақ, олар бопсалау, кәсіпкерлерге «қамқорлық жасаумен» және рэкетпен айналысқан. Қылмыстық ортада беделін нығайту үшін қару қолдана отырып, есеп айырысысқан. Тінту барысында қылмыскерлерден есірткі, атыс қаруы, күмәнді діни әдебиет, қылмыстық жолмен алынған ақша «Қазатомпром» кәсіпорындарынан ұрланған материалдық бағалы заттар табылды. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 197 (Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау және сатып алу), 287 (Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, беру, сату және сақтау) және 296 (Есірткі құралдарымен заңсыз іс-әрекет) баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қалған фактілер бойынша дәлелдер жиналып жатыр. Барлық жедел іс-шаралар прокурордың санкциясымен жүргізілді, кінәлі адамдар ұсталды және соттың санкциясымен тергеу изоляторына енгізілді.