Биыл мамыр айында Шымкент қаласында кәсіпкер әйелді лифт ішінде пышақтап кеткен болатын
Шымкент қалалық соты кәсіпкер әйелді өлтіруге қатысты қылмыстық істі қарауға кірісті, деп хабарлайды жергілікті otyrar.kz порталы
Прокурор Әли Нұрлыбаевтың айтуынша, 1971 жылғы ер адам қылмысты ұзақ уақыт жоспарлаған.
«Сол күні ол Тәуке хан даңғылы бойындағы көпқабатты үйдің қасында әйелді аңдып тұрды. Сосын лифтіге бірге кіріп, бірнеше рет пышақ сұққан. Жарақат салдарынан әйел қайтыс болды. Ал, қылмыскер болса, оның сөмкесін алып, ізін жасырған», - дейді Нұрлыбаев.
Сот отырысында қандықол қылмыскер өз кінәсін мойындап, әйелді өлтіруді ойламағанын жеткізді.
Тергеу материалдарына сәйкес, 11 мамырда кешкі сағат 17:00-де кәсіпкер әйел жұмысынан шығып, үйіне бет алған. Қолындағы сөмкеде алтын бұйымдар мен ақша болды деген болжам бар. Лифтіге онымен бірге бір ер адам кірді. Ол сөмкені алып қоймақшы болғанда әйел қарсылық көрсеткен. Осы кезде ер адам пышағын алып, бірнеше рет жарақат салған.
Қылмыскер кәсіпкер әйелді өлтіргеннен кейін такси ұстап, оқиға орнынан қашып кеткен. Жолда ізін жасыру үшін көлікті үш рет ауыстырды. Бірақ бір жерде қателесіп, бейнекамераға түсіп қалған.
Қылмыскер сөмкеден ақшаны алғаннан кейін заттай айғақтарды СМУ-4 ауданындағы қоқыс жәшігіне тастаған. Сол жерде бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Сосын ол сөмкеде болған ұялы телефонды байқамаған. Құқық қорғаушылар алдымен ұялы операторлардың көмегімен телефонды сигнал арқылы тапқан. Одан кейін бейнабақылау камераларының жазбаларын алдыртты. Осылайша, ең бірінші такси жүргізушісі анықталды. Артынан қылмыс жасаған ер адам да ұсталды.
Дереккөзі: Sputnik.