Мамандар өлген балықты жинап алды
Атырау облысының су айдындарында үш айда 1 493 тонна балық қырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сәуір-маусым аралығында Безымянный мен Алмағамбет көлінде балықтың қырылғаны тіркелген.
«Былтыр өңірдің су айдындарында 12 тонна 408 кило балық өлгені анықталып еді. Ал, биыл Атырау қаласы мен аудандарда балықтардың жаппай қырылуының алдын алу бағытында нақты жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде балықтың қырылу дерегі өткен жылғы көрсеткіштен 80 пайызға дейін төмендеді. Биыл Безымянный көлінде 65 тонна, ал, Алмағамбет көлінде 1 428 тонна өлі балық тіркелді», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Биылғы 26 сәуірде Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Қайыршақты ауылдық округіндегі Безымянный көлінде 65 тонна қаракөз балығының қырылғаны анықталды. Осыған орай Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары қайраңға шығып қалған балықтарды құтқару жұмысын жүргізді. Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, көктемде балықтар уылдырық шашу үшін қолайлы өріске шыққан. Осындай себеппен Безымянный көлінде қырылған балық канал аузына келіп тіреліп қалған. Көлден қаракөз балығының 65 келі өлі шабағы жиналған.
«Осыған байланысты балықтардың уылдырық шашу орнына еркін кіруі үшін Қайыршақты округінің аумағында 800 метр канал қазылды. Каналдың тереңдігі – шамамен 1 метр. Мамандар өлген балықты жинап алды. Өлген балық санитарлық талаптарға сәйкес көму жолымен жойылды. Тірі балықтар сүзіліп, Жайық өзеніне жіберілді», - дейді Артур Сәдібекұлы.
Оның айтуынша, Махамбет ауданындағы Алмағамбет көлінде 10 жылдан бері су болмаған. Биыл Жайық өзенінен аталған көлге су шыққан.
«Он жыл бойы судың келмеуі бұл көлде жыңғылдың өсуіне себеп болды. Биыл көлге су келді. Көлге сумен бірге келген балық жыңғылдың арасында қалып қойып, кері орала алмаған. Оттегінің жетіспеушілігінен қырылған», - деді Артур Сәдібекұлы.