Алматы облысында сіріңкемен ойнаған бала жансақтау бөліміне түсті

29.05.2023 18:59

Екі бала үйдің ауласында ойнап жүрген

ашық дереккөзден

Алматы облысында жанармай құйылған құты жанында сіріңкемен ойнап жүрген үш жасар баланы күйік шалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 27 мамырда Ташкенсаз ауылында екі бала үйдің ауласында ойнап жүрген. Біреуі бензин құтысының жанында сіріңке жаққан. Содан от лап ете қалып 2020 жылы туған баланың мойыны, арқасы, бөксесі, оң жақ иығы, жалпы, денесінің 20-29 проценті күйіп қалған. Оны дереу Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасына жеткіздң. Бала жансақтау бөлімінде жатыр.

"Егер қарапайым қауіпсіздік ережелері сақталса, бұл қайғылы оқиғаны болдырмауға болар еді. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз, жанғыш заттары бар канистрлерді балалардың қолы жететін жерде сақтамаңыз, сіріңкемен ойнауға болмайтынын түсіндіріңіз", - деді ТЖМ.