Атырауда қымбат мейрамханалардың бірінен өрт шықты. Оқиға кеше кешкілік болған. Қызыл жалын ғимараттың екінші қабатында басталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал апат орнына өрт сөндірушілер жеткенше, қонақтар мен даяшылар ғимараттан шығып үлгерген. Тілсіз жауды тоқтатуға 58 қызметкер мен 13 техника жұмылдырылып, жағдай бір сағат ішінде толық бақылауға алынды.
– Сағат 21:15-те өрт шыққаны туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына жеткенше, қызыл жалын 280 текше метр аумақты шарпып үлгерген. Қазір апаттың себебі анықталып, шығын көлемі есептеліп жатыр, – деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Берденов.
Бұдан бөлек, өткен түні қаладағы тұрғын үй ауласында орналасқан 5 бірдей қойманың да күлі көкке ұшты. Өрттің қатты болғаны соншалық, көпқабатты тұрғын үйдің 4-қабатына дейін жеткен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Әзірге, өрттің неден шыққан белгісіз.
Айта кетейік, биыл өңірде осындай 221 жағдай тіркелген.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында жер сілкінді