Bek Air компаниясы сатып алынған билеттердің ақшасын қайтаруы тиіс. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомствоның ақпараты бойынша, жолаушылар билеттерін 31 желтоқсанға дейін өткізуі керек. Бұдан бөлек, аталған әуекомпанияның қызметі оқиғаның мән-жайы анықталғанға дейін тоқтатылатын болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазіргі уақытта пайдаланушы сертификатын және Bek air авиакомпаниясының ұшу жарамдылығын Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тоқтатты. Сонымен қатар, бүгін Bek air әуе компаниясының 25 рейсіне көкке көтерілуге шектеу қойылды. Оның ішінде 4 рейс Алматы әуежайынан ұшу керек болатын. Ал, апатқа ұшыраған ұшақ соңғы рет 25 желтоқсан күні Орал қаласынан ұшып келген. Компания бұған дейін сатып алынған билеттердің ақшасын 31 желтоқсанға дейін жолаушыларға қайтаруы тиіс.
Ұшақтың құлауын тек техникадағы ақауға жаба салмау керек, дейді Қазақстанның ғарышкері, Сенат депутаты Талғат Мұсабаев Оның сөзінше, бұл салада күрмелген мәселе көп.
«Мен авиациядағы ұшудың қауіпсіздігі мәселесін Сенат депутаты ретінде бір емес, бірнеше рет көтердім. Қауіпсіздік деңгейі сын көтермейтіні өкінішті. Маған авиация жүйесі түсініксіз. Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Азаматтық авиация комитеті бар. Алайда онда авиация мамандары жоқ. Мұны қалай түсінуге болады? Космонавтикаға, авиацияға бүкіл ғұмырымды арнаған мен мұны қалай түсінерімді білмеймін. Есепшілер, қаржыгерлер, экономистер бар, алайда дәп осы салаға қажетті мамандар жоқ! Түйткілдің шешілмей келе жатқанына міне сондықтан», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ғарышкер Талғат МҰСАБАЕВ.
Ал халық қалаулысы Бақытгүл Хаменова еліміздегі әуе компанияларының сапасы көңіл көншітпейтінін айтады. Удай қымбат билеттер, тозған әуе кемелері. Бұл түйткіл Парламенттің Мәжіліс қабырғасында депуттық сауалдармен жиі көтерілгенімен, толық шешімін таппай келеді. Айтуынша, авиацияға тікелей жауапты министрлік те, Үкімет те апатқа кінәлілерді жазалап қана қоймай, оның қайталанбауына жағдай жасауы қажет.
«Бүгін – Атырау мен Алтайдың арасын жалғап жатқан қазақ жұрты үшін қаралы күн. Ауыр жағдай. Өмірден өткен, бақилық болғандардың жақындарына жалпы қазақ жұртына қайғырып көңіл айтамыз. Әрине, тергеу-тексеру амалдары жүргізіледі. Тоқетер мәселесі шығады. Бірақ басты мәселе – сол әуе компаниларының бәсекеге қабілеттілігі, ұшып жатқан ұшақтардың сапасы. Ешкім де ұшаққа байлығы тасып бара жатқанннан мінбейді», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытгүл ХАМЕНОВА.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайда да штаб құрылды. Онда апатқа ұшыраған Фоккер 100 ұшағында қаза болғандар мен жарақат алғандардың туыстары мен жақындарына ақпарат беріледі. Мұнда 5 жедел жәрдем бригадасы мен 20 психолог қызмет көрсетіп жатыр. Ал, бұл жағдайдан кейін ұшақтардың қаншалықты жаңартылатыны, жолаушылардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетіні уақыттың еншісінде болмақ.