«Сарыағашта вирус себіледі»: жалған ақпарат таратқан әйел анықталды

02.07.2020 18:59

Бұл жалған ақпаратты таратқан әйелді анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілді

ашық дереккөз

Түркістан облысының полицейлері «Сарыағашта вирус себіледі» деп жалған ақпарат таратқан әйелді анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Естеріңізде болса, әлеуметтік желіде «Түнгі сағат 2 мен 3 арасында Сарыағашта балаларды ауыртатын вирус себіледі екен, балаларды көшеге шығармасын деп жатыр» деген қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың қоғамның заңмен қорғалатын заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін тудыратын хабарлама таралған болатын. 

Бұл жалған ақпаратты таратқан әйелді анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде осы ақпаратты таратып, елді дүрліктірген әйел анықталды. Ол Сарыағаш қаласының тұрғыны болып шықты. Тексеру барысында анықталғандай, әйел бұл хабарламаны тек туыстарының көшеге шықпай отырулары үшін жазып, келініне «WhatsApp» арқылы жолдаған. 

Аталған жайт Сарыағаш АПБ-мен ҚР ҚК-нің 274-бабымен тіркелді. Осы орайда полицейлер Түркістан облысының тұрғындарына осындай мәтінде жарияланған ақпараттарға сенбеуге шақырады. Сондай-ақ, дәлел-дәйексіз, ел ішін дүрліктіретін ақпарат таратқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша жауапқа тартылатынын да ескертеді.