Вице-министр марқұмдардың отбасына қандай көмектің көрсетілетінін айтты
13 әскеридің өмірін жалмаған МИ-8 тікұшағының қара жәшігіндегі жазбаларды мамандар анықтауға кірісті деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қызылора облысының Жалағаш ауданында әуе кемесінің нақты неден апатқа ұшырағанын білу үшін біршама уақыт керек. Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров осылай дейді. Мәжілістегі жиында ол керекті зерттеулер мен геномдық тексерулер аяқталғанын атап өтті.
Тергеушілер опат болғандарды туыстарына берген. Біршамасы кеше жер қойнына тапсырылыпты. Министрдің орынбасары қызмет кезінде қайтыс болған 13 адамның туыстарына бес жылдық айлық жалақы көлемінде қаржылай демеу, қызметтік үйді жекешелендіруден басқа өзге де көмектер көрсетілетінін айтты.
«Біз – әріптестері, қарулы күштер олардың отбасыларын тастамаймыз. Сонымен қатар, заңда қызмет барысында көз жұмғандардың балаларына оқуға түсерде көмектесу керектігі көрсетілген. Тағы бір нормада отбасында әскери адам жұмысында көз жұмса, бауырлары әскери борышын өтеуге шақыртылмайтыны жазылған. Біз осының бәрін пысықтаймыз», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат МҰХТАРОВ.
Вице-министр «тікұшаққа жауапты бөлімнің басшылары өз жұмысынан босатыла ма» деген сұраққа да жауап берді. Ол барлық тергеу амалдарының нәтижесін күту керек дейді.
Еске салсақ, Қызылорда облысының Жалағаш ауданында Ақтаудан Шымкентке бет алған МИ-8 тікұшағы құлаған болатын. Әуе кемесінде болған 13 адамның барлығы да көз жұмды. Қайтыс болғандардың ең үлкені 1978 жылғы болса, ең жасы 1994 жылы дүниеге келген.