Үндістан полициясы 63 тауықтың неден қырылып қалғанын анықтап жатыр. Times Of India басылымының хабарлауынша, олар ферманың жанында үйлену рәсімі өткеннен кейін өліп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Баласор округіндегі фермердің айтуынша, оқиға жексенбі түнде болған. Ол өзінің арызында үйлену рәсімі ферманың жанында сағат 23.40 шамасында өткенін көрсетті.
"Мен диджейден музыка дауысын бәсеңдетуді талап еттім, себебі тауықтар дыбыстан қорықты. Бірақ күйеу жігіттің достары маған айғайлап, диджейге дыбысын көбейтуді тапсырды. Олар менің фермама әдейі жақын келіп, 15 минут қатты әуен қосып тұрды", - деп наразылық білдірді полицияға Ранджит Кумар Парида.
Үйлену тойы аяқталған кезде Парида тауықтарының қырылып қалғанын көрген. Дүйсенбі таңертең ол ветеринар шақырған. Мамандар олардың инфаркт алғанын айтты.
"Фермамда 2 мыңға жуық тауық болды. Әрқайсының кем дегенде үш келі салмағы бар. Маған шамамен 25 мың рупий (шамамен 145 мың теңге – Sputnik) шығын келді. Өлген тауықтар фермада жатыр, себебі полиция тергеу аяқталғанша оларды қозғамауды сұрады", - деп толықтырды фермер.
Ол тауықтардың басқа ауруы болмағанын айтты.
Қазір жергілікті полиция оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу кезінде жауап берген ветеринардың бірі тауықтардың қатты дыбыстан жүрегі тоқтап қалуы мүмкін екенін айтты.