АН-26 апатқа ұшыраған күні ауа-райы қандай болды

14.03.2021 19:01

Күн райына қарамастан, Алматы әуежайында жағдай тұрақталды

Фото: inbusiness.kz

Ұшақтың апатқа ұшырауы ауа-райының қолайсыздығына байланысты болу мүмкін. Себебі, 13 наурызда күн суытып, түскі сағат он екіде +3 градустан кешкі бесте ауа температурасы бірден -3-ке төмендеген. Соның салдарынан Алматы облысының маңында көру қашықтығы 200 метрден аспайтын қалың тұман түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алматы облысының территориясында канталды бөліктердің өтуіне байланысты ауа-райы өте тұрақсыз болған. 10 балдық бұлттылықтың төменгі қабаты қалыптасып, желдің жылдамдығы 2,7 метр секундына дейін соққан. Қалың тұманда көру қашықтығы 100-200 метрден аспайды»,– деді «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының инжинер-синоптигі Гүлтаңсық Медеуова.

Алматыда қар жауып тұр. Күн райына қарамастан, Алматы әуежайында жағдай тұрақталды. Мамандардың айтуынша, барлық рейс өз уақытында ұшып жатыр.

«Қазіргі таңда кесте қалпына келтірілді. Әуежай штаттық режимде жұмыс істейді және барлық рейстер кесте бойынша ұшып жатыр. Сондықтан ешқандай мәселе жоқ»,– деді Алматы Халықаралық әуежайы баспасөз хатшысы Наталья Соколова.