Алматыда елді заңсыз митингке шақырғандар қамауға алынды

informburo.kz
informburo.kz
Күдіктілер осы уақытқа дейін де рұқсат етілмеген митингке шыққандары үшін үй қамақта болған​
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 6 шілде күні заңсыз митинг ұйымдастырмақ болған бір топ азамат ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл жайлы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Күдіктілер осы уақытқа дейін де рұқсат етілмеген митингке шыққандары үшін үй қамақта болған. Әйтсе де олар үйде отырып та көтеріліске шығуға үгіттейтін материалдар дайындаған. Бұған аталған азаматтардың тұрып жатқан мекен-жайын тінту барысында табылған жарылғыш тектес заттар, баннерлер, бетперделер, ақша және митингтің болатын уақыты жазылған парақшалар дәлел бола алады. Өз кінәсін толық мойындаған олар сот шешімімен үй қамақтан, темір торға қамалды.

«Бізге Демеуова, Жаукерова, Әшіралиев және Шевчук есімді азаматтардың Алматы қаласы төңірегінде рұқсат етілмеген акция ұйымдастырғалы жатқаны жайлы мәлімет келіп түскен болатын. Шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде бұл мәлімет расталды. Шын мәнінде де, олар рұқсат етілмеген акцияны жоспарлап, оған қатысы бар барлық тиісті құжаттамалар мен заттарды дайындаған», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.


Новости партнеров