Ол ауыр халде түскен еді
Алматы облысында жылан шаққан 9 жастағы бала ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 27 маусым күні түскі сағат 13:35-те Кеген аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне 9 жастағы бала жылан шағу диагнозымен өте ауыр халде түскен.
Балаға жансақтау бөлімінде дезинтоксикациялық ем жасалып, схема бойынша екі реттік жылан уына қарсы сарысу егілді.
Науқас ауруханаға түскен уақыттан бастап денсаулық сақтау басқармасының тікелей бақылауында болған.
Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлерімен және Алматы қаласының токсиколог дәрігерінің қатысуымен консилиум өткізіліп, онлайн кеңес алды.
Алматы қаласының №1 қалалық балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының токсиколог және реаниматолог дәрігерлері арнайы аудандық ауруханаға келіп, емдік шаралар келісілген.
Сонымен қатар республикалық денгейдегі анестезиолог-реаниматолог, токсиколог дәрігерлерімен консилиум өткізілді.
«Жансақтау бөлімінде науқасқа клиникалық хаттамаға сай ем-дом толық жасалды. Бірақ, интенсивті реанимациялық көмектің дер кезінде көрсетілгеніне қарамастан 29 маусымда биологиялық өлім тіркелді»,- деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.