Нұр-Сұлтанда полицейлер мас жүргізушіні қуған сәт видеоға түсіп қалды

08.04.2022 19:10

Оған бірден 19 әкімшілік хаттама толтырылды

стоп кадр

Нұр-Сұлтанда тәртіп сақшыларынан қашқан көлік бейнежазбаға түсіп қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кадрлардан Тәуелсіздік даңғылының бойында жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші мен оны қуған патрульдік полицияны байқауға болады. Қалалық Полиция департаменті берген мәліметке сәйкес, көлік тізгіндеген ер азамат бірнеше ережені бұзып, Көктал ықшамауданына дейін қашқан. Нәтижесінде, құқық қорғаушылар қару қолдануға мәжбүр болды. Ұсталған азамат бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал бұл жолы оған бірден 19 әкімшілік хаттама толтырылды. 

«Сараптама қорытындысы бойынша, 21 жасар жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен, құқық бұзушы 20 тәулікке қамалды және 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.