Алматылық тұрғын өртеніп жатқан үйден әйел адамды аман алып шықты

01.11.2021 21:24

Медеу ауданына қарасты Кеңсай-2 шағынауданында үй өртеніп, 2 адам мерт болды

Almaty.tv

Алматының Медеу ауданына қарасты Кеңсай-2 шағынауданында үй өртеніп, іште болған 3 адамның екеуі мерт болды. Ал бір әйелді көршісі құтқарып қалған. Almaty.tv тілшісі жүрек жұтқан тұрғынды тауып, онымен тілдесіп қайтқан еді.  

28 қазанда сағат 11.00 шамасында екі қабатты үйден өрт шыққанда ішінде 3 адам болған. Өкінішке қарай, 2 адам қаза тапты. Ал қызыл жалын тұтанған сәттегі жалғыз куәгер жанкештілікпен өрттің арасына кіріп, бір әйелді өлімнен арашалап қалған.

Төтенше жағдайлар қызметінің диспетчерлік орталығына «Медеу ауданына қарасты «Молодой садовод» саяжайында үй өртеніп жатыр» деген ақпарат түскен. Оқиға орнына бірінші жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынның 40 шаршы метр аумақты қамтығанын мәлімдейді.

«Өрт кезінде 1 адамды көршісі құтқарды. Оқиға орнынан 2 адамның мәйіті табылды. Өрт сөндіру жұмысына 3 техника мен 14 адам жұмылдырылды. Өрттің себебі мен мән-жайы анықталуда», – деді Медеу аудандық ТЖБ бастығы Ержан Құрманбаев.

Көршісінің үйінен шыққан көк түтінді алыстан байқап, бірден жүгіре жөнелген азамат еш ойланбастан үйге кіріп, 3 адамды да қызыл жалыннан құтқармақ болады. Алайда, олар ес-түссіз жатқандықтан, біртіндеп сүйреуге тура келген. Өкінішке қарай, 1 әйелді сыртқа шығара берген сәтте, өрт одан ары өршіп, қайта кіруге мүмкіндік болмаған.

«Бәрі аяқастынан болды. Ондай сәтте адам ойланып тұрмайды ғой. Бастысы, ішінде адам бар екенін білдім. Оларды өрт ішінен алып шықпақ болдым, екеуіне шамам келмеді. Біреуін ғана шығарып үлгердім», – деді Медеу ауданының тұрғыны Бақытбек Қағазбеков.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттен тірі қалған әйелдің денесін 2-ші дәрежелі күйік шалған. Ал оны құтқарған тұрғынның арқасы мен бет-әлпеті күйген. Соған қарамастан, ауруханада ем қабылдаудан бас тартып отыр. Ол өз ерлігін батырлыққа емес, адамгершілікке балап, «Менің орнымда басқа біреу болса да солай істейтін еді» дейді.

Оразай Нұртай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы